Елордалық ұландар бір кеште жоғалған екі баланы ата-аналарына қайтарып берді
Елордалық ұландар бір кеште жоғалған екі баланы ата-аналарына қайтарып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшілері сипаттама бойынша кәмелетке толмаған екі баланы тауып алып, ата-аналарына қайтарып берді.
21 тамыз күні кешке патрульдеу бағытында патрульдік-бекеттік қызмет атқару кезінде елордалық ұландарға әйел келіп, қызының жоғалғанын хабарлайды. Екі жасар қыз Есіл өзенінің жағалауындағы Атырау көпірінің жанынан жоғалып кеткен.
Әскери жасақ бастығы қатардағы Елмұрат Қаршен патрульші қатардағы жауынгерлер Аслан Ермек пен Ырысдәулет Қоспанмен бірге дереу берілген бағдар бойынша қызды іздей бастады.
10 минуттан кейін әскерилер сипаттамаға сәйкес келетін кішкентай қызды байқайды. Осыдан кейін бала ата-анасына қайтарылады.
Тағы бір осындай оқиға бір сағаттан кейін болды. Патрульдеу бағыты бойынша әскери жасақ бастығы қатардағы Шыңғыс Жақыпов бастаған патрульшілер қатардағы Бауыржан Тынышбеков пен Арслан Таджымұрадовқа келген азаматша көмек сұрайды. Ол төрт жасар ұлын көзден таса қылып алыпты.
Әскери жасақ дереу іздестіру жұмыстарын жүргізіп, 15 минуттан кейін 4 жасар ұлы анасының қолында болады.
Екі әйел де әскерилерге қырағылық пен қоғамдық тәртіпті сақтағандары үшін алғыстарын білдірді.