Ақмола полицейлері алимент төлеуден жалтарып жүрген 13 адамды іздестіруде
Ақмола полицейлері алимент төлеуден жалтарып жүрген 13 адамды іздестіруде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Борышкерлер мен алимент төлемейтіндерді іздеу – көші-қон қызметі жұмысының бір бағыты. Сонымен бірге, полицияның өкілеттігі іздестірілушінің орналасқан жері анықталғанда және оның сот орындаушысына келу міндеттемесінде аяқталады. Өндіріп алуды сот органдары жүргізеді, – деп атап өтті Ақмола облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасында.
Кейбір ата-аналар жылдар бойы алимент төлемейді, әйелдер алимент бойынша борышкер болған жағдайлар да кездеседі.
Мәселен, 19 тамызда Степногорск қаласының Полиция басқармасына 60 жастағы жергілікті тұрғын өтініш берді. Әйел адам ұлының бұрынғы әйелі 7 жылдан астам уақыт немересін асырау үшін алимент төлемейтінін хабарлады. 2015 жылдан бері қарыз сомасы 3 млн 129 мың теңгені құрады.
Аталған факт ҚР ҚК 139-бабының 1-бөлігі (Балаларды күтіп-бағуға қаражат төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша СДТБТ-де тіркелді.
Жалпы, ағымдағы жылдың басынан бері ақмолалық полицейлер алимент төлемей жүрген 16 адамның және 9 борышкердің орналасқан жерін анықтады. Қазіргі уақытта 13 адам іздеуде.