Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында жылдамдық режимін асырған 3 мыңға жуық жүргізуші жазаланды

Павлодар облысында жылдамдық режимін асырған 3 мыңға жуық жүргізуші жазаланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысының полицейлері «Қауіпсіз жол» профилактикалық айлығының қорытындысын шығарды. Оның мақсаты жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттырып, жол-көлік оқиғаларының санын азайту және жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу болды.

– Нәтижесінде көрсетілген кезеңде облыс жолдарында 15 мыңға жуық бұзушылықтың жолы кесілді. 200-ге жуық азамат мас күйінде көлік басқарған. Барлық ЖҚЕ бұзушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Түрлі бұзушылықтар үшін 396 көлік құралы арнайы айыппұл тұрағына қойылды, 324 мемлекеттік нөмір алынды, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Рашад Өтеуов.

Тәртіп сақшысы құқық қорғау органдарының ескертулеріне қарамастан, облыс жолдарында жылдамдықты асыра жүрушілердің азаймағанын атап өтті.

Жылдамдық режимін асырғаны үшін 3 мыңға жуық жүргізуші жауапкершілікке тартылды. 2387 автокөлік иесіне қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін айыппұл салынды. Классикалық бұзушылықтар жиынтығын 1731 «ақпа құлақ» жаяу жүргіншілер толықтырды. 962 жүргізуші көлік жүргізу кезінде смартфонға телміргені үшін жазаға тартылды. Полиция қызметкерлері көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған 466 жүргізушіні анықтады. Көлігін заңсыз қайта жабдықтағандар да полицияның назарынан тыс қалмады. Бұл заңды сақтамаған құқық бұзушының саны 200-ден астам болды.

– Ақсу қаласының Камзин көшесінде Mitsubishi көлік құралын басқарған 35 жастағы жүргізуші ұсталды. Медициналық актінің қорытындысына сәйкес, жүргізуші мас күйде болған. Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК 608-бабы 6-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ал Павлодар қаласында 61 жастағы Lada автокөлігінің жүргізушісі ұсталды, ол қарсы қозғалысқа арналған жолдың жүріс бөлігіне шыққан. Аталған бұзушылық үшін жүргізуші ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабы 3-бөлігі бойынша жауапқа тартылды, – деп мысал келтірді Рашад Өтеуов.

Бұдан басқа, Әкімшілік полиция жол және коммуналдық қызметтермен бірлесіп, көше-жол желісінің пайдалану жағдайына 299 тексеру жүргізді, нәтижелері бойынша 224 ұйғарым берілді. Полиция жол қозғалысының барлық қатысушыларынан жол ережесін қатаң сақтауды, көлік құралын басқару кезінде өте мұқият болуды, оның техникалық жағдайын бақылауды сұрайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру