Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері 4 күннің ішінде 12 атыс қаруын тәркіледі

СҚО полицейлері 4 күннің ішінде 12 атыс қаруын тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.

«Темір жинаған кезде тауып алдым», «Жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде таптым» – осындай түсініктемелерді солтүстікқазақстандықтар әдетте тіркелмеген қаруды тәркілегенде айтып жатады.

Тамыздың 25-нен 28-ін қоса аралықта облыс аумағында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Мақсаты – криминогендік жағдайды сауықтандыру, қаруды қолдана отыра жасалатын қылмыс қаупін төмендету. Іс-шара кезінде 45 патрон және заңсыз сақталып келген 12 атыс қаруы, оның ішінде 7 тегіс ұңғылы, 2 травматикалық, 1 ойықты және газды қару, 1 револьвер тәркіленді. Алынған қару сараптамаға жіберілді, заңсыз иелері жауапқа тартылды.

– Қару заңмен белгіленген қатаң тәртіпке сай сақталуы тиіс. Тіркелмеген қару қауіпті: ол жазатайым оқиғаға себепші болуы мүмкін, қолды болып, қылмыста қолданылуы мүмкін. Қаруды және оқ-дәрілерді заңсыз сақтағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген. Жауапкершіліктен қаруды полицияға өз еркімен тапсыру ғана босатады, – деп еске салды СҚО Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мадияр Харипов.

Айта кететіні, жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде өз еркімен 4 тегіс ұңғылы мылтық тапсырылды. Мәселен, Жамбыл ауданының тұрғыны қайтыс болған әкесіне тиесілі болған ТОЗ-БМ мылтығын әкеп тапсырған. Полицейлер облыс тұрғындарын қауіптен сақтанып, қаруды тапсыруға шақырады. Қаруды заңсыз сақтау фактілерін анықтау жұмысы тұрақты негізде жалғасатын болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру