Ұлытауда ер адам бір күнде мотоцикл мен автокөлік ұрлап кеткен
Ұлытауда ер адам бір күнде мотоцикл мен автокөлік ұрлап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 қыркүйек күні сағат 24:00 шамасында Ұлытау облысы, Қаражал қаласының полиция бөліміне Қарағанды көшесіндегі үйдің жанында тұрған ВАЗ 21051 автокөлігін белгісіз біреу ұрлап кеткені туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы келіп, мән-жайды анықтады.
Жәбірленуші 42 жастағы қала тұрғыны әдеттегідей кешкісін көлігін үйінің алдына қойғанын айтты. Біраз уақыттан кейін үй иесі мотор дыбысын естіп, көшеге жүгіріп шығып, көліктің жоғалып кеткенін анықтады.
«Ұстау» жоспары бірден жарияланып, көп ұзамай Шевченко көшесінің бойында полицейлер 28 жастағы ер адам тізгіндеген көлікті байқап, тоқтатқан. Ұсталған адам басқа біреудің көлігіне мініп қыдырып келуді жоспарлағанын түсіндірді. Ұсталған азамат сол күні жасаған осындай қылмысын да мойындады.
Анықталғандай, ол бір сағат бұрын Жамбыл көшесіндегі үйдің ауласында тұрған 35 жастағы қала тұрғынына тиесілі мотоциклді ұрлап кеткен. Артынша ол екі доңғалақты көлікті қаланың бір ауданында қалдырып, автокөлікке назар аударған. Автокөлік пен мотоцикл иелеріне қайтарылды.
Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 200-бабы (Автокөлікті немесе өзге де көлік құралын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.