Нұр-Сұлтанда қару сақталатын сейф ұрланды
Нұр-Сұлтанда қару сақталатын сейф ұрланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елорда тұрғыны полицияға Ұлытау көшесіндегі жеке үйіне пластик терезесін бұзып кіріп, сейфін ұрлап кеткені туралы арызданған. Үй иесінің айтуынша, сейфте 500 мың теңге мен алтын әшекейлерден бөлек, Бекас 12 және Mossberg екі тегіс ұңғылы мылтық, Кизляр аңшылық пышақ болған.
Аталған қылмысты ашу үшін жедел-тергеу тобы құрылды, күдіктілерді анықтау және ұстау бойынша шаралар кешені қолданылды. Жедел қызметкерлер, учаскелік инспекторлар, әскери қызметшілермен бірге іздестіру иттерін қолдана отырып, жергілікті ауданды мұқият аралады.
Одан әрі жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері қылмысқа қатысы бар адамдардың ізіне түсіп, олардың қаладан тыс шығып кеткенін анықтады.
Күдіктілердің қылмысқа мұқият дайындалғаны, алдын ала өздерінің қылмыстық ойларын іске асыру үшін елордаға келгені белгілі болды. Жеке секторда олар дабыл мен бейнекамералары жоқ үйді байқаған. Қаскүнемдер сейфті ұрлап, оны тысқары жерге апарып ашқан. Ішіндегі алтын бұйымдар мен ақшаны алып, қаруларды шөптердің арасына тығып тастаған. Сол күні олар елордадан Алматыға шығып кеткен.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Қазіргі уақытта күдіктілердің бұрын жасалған қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде, заттай дәлелдемелер алынды.