Петропавлда Ұлттық ұлан академиясының курсанттары Отанға адал болуға ант берді
Петропавл қаласының орталық алаңында бірінші курс курсанттарының әскери ант қабылдау рәсімі өтті. Академияға түскен 175 болашақ офицер Отанға адал болуға салтанатты түрде ант берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әскери ант қабылдауға арналған салтанатты іс-шараға өңірдің күш құрылымдарының бірінші басшылары, ардагерлер, болашақ офицерлердің ата-аналары мен туыстары қатысты.
Курсанттарға Ұлттық ұлан академиясының бастығы Артур Токушев құттықтау сөз сөйледі.
«Әрбір жауынгер үшін әскери ант – бұл әскери өмірдің заңы. Ант қабылдай отырып, ол әскери қызметтің қиыншылықтарына төтеп беруге міндеттенеді. Анттың бұл талабы жауынгерлік еңбек барысында ерік-жігерді, өзіне деген сенімділікті, ұжымға деген сенімді шыңдауды білдіреді. Курсант мырзалар, әрқашан естеріңізде болсын, сіздер Ұлттық ұлан академиясында білім ала отырып, біздің мемлекетіміздің қорғаушысы болып табыласыздар. Лайықты білім алып, кейіннен алған дағдыларыңызды іс жүзінде жүзеге асырып, мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға зор үлес қосатындарыңызға сенім білдіремін», – деді ол.
Сондай-ақ шарада СҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Рустан Ахметжанов, Петропавл қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Иманғали Татваев және Академия ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Қожахметов сөз сөйледі.
Әскери ант қабылдаған бірінші курс курсанты қатардағы жауынгер Ерболат Арыстанбек әскери антқа адал болатынына және Отанды қорғау бойынша әкелер мен аталардың ісін лайықты жалғастыратынына сенім білдірді.
Биыл әскери оқу орны құрылғанына 25 жыл толды. Осы жылдар ішінде академия қабырғасынан 4000-ға жуық жас офицер даярланды, олар Ұлттық ұланның, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің, Қорғаныс министрлігінің офицерлік құрамының, Мемлекеттік күзет қызметінің және басқа да әскери құрылымдар бөлімшелерінің қатарын толықтырды.
Қазіргі уақытта Академия базасында жеті мамандық бойынша офицерлерді даярлау жүзеге асырылуда. Курсанттарды оқыту сегіз кафедрада жүргізіледі. Академияда жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру факультеті жұмыс істейді, онда жыл сайын Ұлттық ұланның және ішкі істер органдарының офицерлері мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілері қайта даярлаудан өтеді.
Академияның алғашқы түлектері қазірдің өзінде құрамалар мен әскери бөлімдерді басқарады, ал олардың кейбіреулері бас қолбасшылықта және аймақтық әскери қолбасшылықтарда басшылық лауазымдарда қызмет етеді.
Мұнда ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлауға көп көңіл бөлінеді. Жыл сайын оқытушылар қатары магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша жоғары оқу орындарының түлектерімен толықтырылады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Академиясының жеке құрамы қаланың және облыстың қоғамдық-саяси, спорттық, мәдени іс-шараларына, сондай-ақ өңірде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді қатысады.