Павлодарда есірткі сататын ірі интернет-дүкеннің қызметі тоқтатылды
Павлодарда есірткі сататын ірі интернет-дүкеннің қызметі тоқтатылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының Полиция департаменті Telegram-дағы интернет-дүкен арқылы есірткіні өндіру мен өткізудің ірі арнасының жолын кесті.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында діни деструктивті ағымның жақтаушылары қатарындағы ерлі-зайыптылар ұсталды.
– Ер адам қылмыстық іс-әрекеттің ұйымдастырушысы бола отырып, сонымен қатар Павлодар облысы мен Алматы қаласында есірткіні сатқан. Өзі интернет-дүкеннің әкімшісі және операторы функцияларын атқарса, ал оның жұбайы кепілгерлер мен өңіраралық курьерлердің қызметін басқаруда күдіктеледі, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД бастығы Василий Скляр.
Тінту іс-шараларын жүргізу кезінде полиция қызметкерлері 6,7 келіден астам үнді сорасын, тыйым салынған заттарды өлшеп-орауға арналған полиэтилен пакеттерін, оқшаулағыш таспаны, таразыны және калькуляторды тәркіледі.
ВИДЕО МҰНДА
Қазіргі уақытта айыпталушыларға қатысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 297-бабының 1,3-бөліктерінде көзделген қылмыс белгілері бойынша қылмыстық істер қозғалды.
Күдіктілерге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етілмейді.