Ақмола полицейлері босанғалы жатқан әйелді шұғыл түрде ауруханаға жеткізді
Ақмола полицейлері босанғалы жатқан әйелді шұғыл түрде ауруханаға жеткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz
12 қыркүйекте сағат 23.37 шамасында Макинск – Ақсу-Торғай автожолында орын алған оқиға сәтті аяқталды. Тұлпар 17 патрульдік полиция батальонының экипажы, Бақтияр Мұратов пен қатардағы жауынгер Серік Қайырбек өз учаскесін патрульдеу кезінде баяу келе жатқан Нива автокөлігін байқады. Көліктің техникалық жағдайын тексеріп, жүргізушілер мен жолаушыларға көмек қажет болуы мүмкін деп ойлаған полиция қызметкерлері көлікті тоқтатқан.
Тәртіп сақшылары салон ішінен жас әйелді көрді, ал жүргізушімен сөйлескен кезде олар оны ауруханаға алып бара жатқанын білді, алайда көліктің істен шығуына байланысты уақытында үлгермеуі мүмкін еді.
Жағдайды дереу бағалаған полицей әйелді ауруханаға өздері жеткізуге шешім қабылдады. Әйелді патрульдік автокөлікке ауыстырып, жарқылдауық маяктарды қосып, тәртіп сақшылары болашақ ананы шұғыл түрде Щучинск қаласының медициналық мекемесіне жеткізді. Алдын ала патрульдік полиция қызметкерлері 103 желісіне қоңырау шалып, медицина қызметкерлеріне болған жағдай туралы ескертті.