Шетелдік көлікті ҚР-ның есебіне тіркеп беремін деп алаяқтық жасаған ер адам анықталды
Сарыағашта шетелдік көлікті ҚР-ның есебіне тіркеп беремін деп алаяқтық жасаған ер адам анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Сарыағаш АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Ол арызында белгісіз танымайтын тұлға сеніміне кіріп, шетелден әкелінген Subaru impreza автокөлігін ҚР есебіне тіркеп беремін деп 800 мың теңгесін алғанын көрсеткен. Алайда танысы төрт ай өтсе де түрлі сылтауды айтып, не ақшасын қайтармаған, не уәдесін орындамаған. Осыдан соң алаяқтың құрбаны болғанын түсінген ер адам полицейлерден көмек сұрады.
Аталған жайтты сарыағаштық полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді. Тәртіп сақшылары жедел-іздестру жұмыстарын жүргізді. Жан-жақты тексеріп, сұрастырды. Нәтижесінде полицейлер күдікті азаматты тәулік ішінде анықтады.
Белгілі болғандай, алаяқ жәбірленушіге жалған ақпарат беріп, түрлі сылтауларды айтып, ақшасын бермей, уақытын ұзартып жүрген. Күдікті алған ақшаны өз қажетіне жұмсаған. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.