Ұлытау полицейлері малдың қатысуымен болатын ЖКО-лардың алдын алуда
Ұлытау полицейлері малдың қатысуымен болатын ЖКО-лардың алдын алуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлытау облысы Қаражал қаласында ұзындығы 180 км созылған Қаражал-Жәйрем-Атасу бағытындағы тас жолдың бойында автокөліктердің мал қағу жағдайы жиі кездеседі. Жалпы, төрт түліктің түнгі уақытта жол бойында қараусыз жайылып жүруі, көлік қозғалысына кедергі келтіруде. Әсіресе, жылқы малын бағу ережелері сақтала бермейді. Соның салдарынан қараусыз малдардың жолға шығу деректері жиі орын алады.
Осыған байланысты қаражалдық полицейлер мал иелеріне көлік қозғалысына кедергі келтіретін үй жануарларына жарық шағылыстыратын алқа тағуға кеңес беріп отыр. Ұлытау облысының полиция департаменті басшылығының бастамасымен, жергілікті әкімдіктің қолдауымен жылқы малына жарық шағылыстыратын алқа тағу жұмыстары ұйымдастырылды.
– Қараңғы мезгілде малды жол маңында жаюға, қараусыз қалдыруға тыйым салынған. Алайда бұл талаптар мал иелері тарапынан тиісті деңгейде орындалмайды. Автомобиль жолында малдардың қараусыз жайылып, жолға шығу салдарынан орын алып жатқан жол-көлік оқиғалары алаңдатады. Жарық шағылыстыратын алқа тағудың маңызы зор. Ол жол апатының алдын алу, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіз жүруіне әсерін тигізеді, – деді Қаражал қаласы ПБ ЖПҚБ бастығы Азамат Молдабаев.
Жыл басынан бері Қаражал қаласының полиция бөлімінде төрт түлік малға соқтығысқан жол-көлік оқиғасының 4 дерегі тіркелген. Тәртіп сақшылары түнгі уақытта жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әрдайым бақылауды күшейтіп жатыр.
– Полиция қызметкерлерінің бұл бастамасын қолдап, жылқыларыма осындай жарық шағылыстыратын алқа тақтым. Қазір міне, түнгі мезгілде жылқыға көліктің жарығын түсіріп, тағылған алқалардың сапасын сынап жатырмыз. Нәтиже жаман емес, жылқы мойнындағы жарық шағылыстырғыш алқа алыстан жарқырып көрінеді. Осындай игі іске мұрындық болған полиция департаменті басшылығына алғысым шексіз, – деді шаруа қожалық иесі Ораз Нақыпжанов.