ІІМ-де тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі талқыланды
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімовамен және Қазақстан мен Өзбекстандағы Фридрих Эберт атындағы қордың өкілі Роланд Хэртельмен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.
Кездесуге Фридрих Эберт атындағы қордың Қазақстандағы өкілі Әлима Теңізбай, «Дағдарыс орталықтары одағы» ЗТБ-нің төрайымы Зульфия Байсакова қатысты.
Тараптар отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мен оларды криминализациялауды, сондай-ақ аталмыш проблеманы шешу жолдарын талқылады.
«Бүгінде бұл зұлымдықты азайтуға бағытталған түрлі шаралар қабылдануда. Әрине, бізге халықаралық тәжірибе де қажет. Біздің қоғамда осы құқық бұзушылықтарды криминализациялау туралы мәселе көтеріліп отыр. Біздің ойымызша, бірінші кезекте жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету маңызды. Қазір қолайлы кезең, қоғамның өзі өзгеруде, сот-құқық қорғау органдары да бір орында тұрмайды. Қылмыстың салдарымен күресуге емес, оның алдын алуға бағытталған үлкен өзгерістер болып жатыр», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Министрдің айтуынша, бұл мәселеде қайта криминализациялау ұтымды бола ма, әлде құқық бұзушылықтарды нақты азайту маңызды ма, осыны егжей-тегжейлі саралаған дұрыс. Сондықтан қазір құқық қолдану практикасын өзгерту мен заңдарды жетілдіру жоспарлануда.
Өз кезегінде Ландау қалалық прокуратурасы жанындағы сот төрелігі жүйесінің әлеуметтік қызметінің маманы, агрессорлармен жұмыс жөніндегі федералдық жұмыс тобының төрағасы Роланд Хэртель Германиядағы тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы ведомствоаралық іс-қимыл тәжірибесімен бөлісті.
«Бізде Германияда тұрмыстық агрессорлардан зардап шеккен әйелдердің көпшілігі серіктесін, азаматтық некедегі күйеуін немесе жұбайын қылмыстық қудалауды көздемейді. Олар тек агрессордың мінез-құлқын өзгертуге, арақатынастарын жақсартуға тырысады. Ал полиция қалай жұмыс істейді? Полиция сауалнаманы бірден толтыртып, жағдайға баға береді. Содан кейін көптеген құрылымдардың қатысуымен арнайы конференция ұйымдастырылады. Олар қауіптілігі жоғары фактілерді анықтайды. Мұндай шараға тек полиция органдары ғана емес, прокуратура, агрессорлармен жұмыс істейтін ұйымдар, денсаулық сақтау мекемелері, отбасы орталығы, әйелдерге арналған дағдарыс орталықтары қатысады. Олар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жоспарын әзірлейді, яғни жәбірленушіге және агрессорға көмек ұсынады», – деді Роланд Хэртель.
Кездесуге қатысушылар талқылау қорытындысы бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға байланысты мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыруды көздейтін бірқатар ұсынымдар айтты.