СҚО полицейлері самбодан жарыста екінші орын алды
СҚО полицейлері самбодан жарыста екінші орын алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавлда «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының дәстүрлі спартакиадасы самбо күресімен аяқталды. Ашылу салтанатына құрметті «динамошы»-ардагер, қазақ күресінен облыстағы алғашқы спорт шебері Бауыржан Құлжанов қатысты. Ол спорттық жетістіктер погондағы қызметкерлердің имиджін нығайтуға үлес қосатынын атап өтті.
Екі күн бойы облыстың құқық қорғау органдарының 90 қызметкері күш пен ептіліктен бақ сынасты. Командалық есепте ҚР Ұлттық ұланы академиясының дене шынықтыру ұжымы чемпион атанды. Екінші орынды облыстық полиция департаменті, үшінші орынды Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері иеленді. Сондай-ақ, жеті салмақ категориясы мен қосымша номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды. Әскери қызметші Әділжан Рақымғалиев «үздік техника үшін» жүлдесін, СҚО ПД қызметкері Ердәулет Сайдуллаев «жеңіске деген жігері үшін» жүлдесін алды.
– Самбо – спартакиаданың жетінші түрі. Осыған дейін шаңғы жарысы, Президенттік шақырым және гір спорты, волейбол мен шағын футболдан жарыстар өткізілді. Сондай-ақ, бағдарламаға табельдік қарудан ату кіреді. Енді алдымызда бағдарламаның барлық түрлері бойынша спартакиаданың қорытындысын шығару міндеті тұр, – дейді облыстық «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Туғанбаев.
Самбо жарысының жүлдегерлері қазан айында Өскемен қаласында өтетін ҚР ІІМ чемпионатында облыстың спорттық намысын қорғайтын болады.