Шахтинск полицейлері алаяқтықтың 10 дерегіне қатысы бар екеуді қолға түсірді
Шахтинск полицейлері алаяқтықтың 10 дерегіне қатысы бар екеуді қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz
Қарағанды облысы Шахтинск қалалық полиция бөліміне 51 жастағы қала тұрғыны арызданды. Жәбірленуші арызында алаяқтың құрбаны болғандығын көрсеткен.
Белгілі болғандай, азаматқа белгісіз біреу қоңырау соғып, өзін банк қызметкерімін деп таныстырған. Кейін қоңырау соққан азамат жәбірленушінің атынан белгісіз біреу несие рәсімдеп жатқанын айтып, олардан есеп-шотын қорғап қалу үшін банктен несие алу керектігін айтқан.
Сөйтіп жәбірленуші қоңырау соққан азаматтың айтуымен банктен 1,8 млн теңге алған. Алайда жәбірленуші несие рәсімдеген бетте бұл ақша шотынан жоғалып кеткен. Сол кезде 51 жастағы азамат алаяқтың құрығына түскенін сезген.
Крминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді іс-шаралар барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 25 және 35 жас аралықтарындағы екі азамат қолға түсті. Олар қаладағы арнайы дүкендердің бірінен несиеге тауар алып жатқанда ұсталды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабына (Алаяқтық) сәйкес, қылмыстық іс қозғалды. Тергеу әрекеттері барысында күдіктілердің осыған ұқсас 10 қылмысқа қатысы бар екендіктері анықталды. Тергеу амалдары жалғасуда.