Ахметжанов: Елімізде жыл сайын 13 мың жол-көлік оқиғасы орын алуда
Үкімет отырысында ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Қазақстан жолдарындағы қауіпсіздік туралы айтты, - деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.
Министрдің айтуынша, жолдағы қауіпсіздік жағдайы - елдің даму көрсеткішінің бірі.
- Жыл сайын 13 мың жол-көлік оқиғасы орын алуда. Онда 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 18 мыңнан астам адам жарақат алуда. Жалпы 2019 жылдан бері, әсіресе, пандемия кезінде жол апаты динамикасы төмендеді. Бірақ шектеулер мен блок-бекеттер алынғаннан кейін бұл көрсеткіштер өсіп жатыр, - деді спикер.
Ағымдағы жылдың сегіз айында апаттылықтың барлық көрсеткіштері өсті: жол-көлік оқиғасы – 14%-ға (8 307-ден 9 429-ға дейін), қаза тапқандар – 18%-ға (1 258-ден 1 478-ге дейін), жарақат алғандар – 13%-ға (10 947-ден 12 394-ке дейін).
Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында жол апаты деңгейі жоғары.
- Барлық жол апаттарының 56%-ы, жарақат алғандардың 55%-ы және қаза тапқандардың 41%-ы дәл осы өңірлерде орын алған, - деп атап өтті Марат Ахметжанов.