Қарағандыда сатушының заттарын ұрлаған азамат құрықталды
Қарағандыда сатушының заттарын ұрлаған азамат құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Орталық полиция бөліміне 51 жастағы қала тұрғыны арызбен шағымданды. Жәбірленуші азаматша қаладағы дүкендердің бірінде сатушы болып жұмыс істейтінін, жұмыс барысында сатып алушыға қызмет көрсетіп жатқанда белгісіз біреу ішінде 25 мың теңге ақшасы бар қол сөмкесін ұрлап кеткенін айтқан.
Полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді іс-шаралар барысында «ізін суытпай» осы іске қатысы бар деген күдікпен 43 жастағы күдікті ұсталды. Ұсталған азамат дүкенге сатып алушы ретінде келгені, дүкеншінің назары басқаларда болғанда қол сөмкені ұрлап кеткені туралы мойындау көрсетпе белгілерін берді.
Сол күні Қарағандыдағы сауда орындарындағы дүңгіршектерден белгісіз біреу төрт дана балалардың шалбарын ұрлаған. Ұрланған заттар сатушының артындағы киім ілгіште тұрған. Келтірілген шығын көлемі 20 мың теңгені құрады.
Криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бұл қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 28 жастағы азамат ұсталып, мойындау көрсетпе белгілерін берді. Тергеу әрекеттері кезінде ұсталған 28 жастағы азаматтың басқа сауда орынынан азық-түлік ұрлығына қатыстылығы анықталды.
Барлық деректер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.