«Жер алып беремін»: шымкенттік полицейлер кезекті алаяқтық жайтын анықтады
Шымкенттік полицейлер кезекті алаяқтық жайтын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
28 қыркүйекте Абай аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Ол өз арызында екі жылдай таныс болған адам Шымкенттен жер алып беремін деп алдап кеткенін жазған. Қаскөй жәбірленушінің 2 млн теңгесін алаяқтық жолмен иемденіп алған.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 190-бабымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Күдіктінің жеке басын анықтау мақсатында барлық қажетті шаралар қабылданып, жедел-іздестіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде тәртіп сақшылары күдікті азаматты қала аумағынан тәулік ішінде қолға түсірді.
Ол Түркістан облысының 36 жастағы тұрғыны болып шықты. Бұрын-соңды сотты болмаған, жұмыссыз.
Қазіргі кезде ұсталған азамат өз кінәсін толық мойындап отыр. Жәбірленушіге келтірілген шығын толықтай өтелді. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.