Талдықорғанда Қаратал өзенінің жағасында заңсыз қиыршық тас өндірудің жолы кесілді
Полицейлер экологтармен бірлескен рейд барысында Қаратал өзенінің жағасында екі жүк көлігі мен экскаваторды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Автотехниканы заңсыз құм-қиыршық тас қоспасын өндіру үшін пайдаланған. Қалалық полиция бөліміне түсініктеме беру үшін үш адам жеткізілді.
– Ұсталған азаматтар қандай да бір рұқсат құжаттарын ұсына алмады. Осыған байланысты дерек ресми түрде табиғатты қорғау заңнамасын бұзу ретінде тіркелді. Техника тәркіленіп, арнайы тұраққа қойылды, – деді Жетісу облысы ПД ЖПБ ТҚП аға инспекторы Бағлан Рымжанов.
Тәртіп бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Жиналған материал табиғат пен мемлекетке келтірілген залалды есептеу үшін Экология департаментіне жіберілді. Әрі қарай істі сот қарастырады.
Табиғатты қорғау полициясы пайдалы қазбаларды – құм, қиыршық тас, шөгінді және топырақты, сонымен қатар құрамында алтын бар кенді заңсыз өндіру фактілерін анықтау бойынша рейдтік іс-шараларды жалғастыруда. Облыс автожолдарында жүк көліктері тексерілуде.