Тараздық полицейлер волейболдан турнир өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қалалық мектептердің мұғалімдері арасында волейбол турнирін ұйымдастырды. Іс-шара Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ және «Нығмет нұры»ҚБ қолдауымен өтті. Жарыс «Тараз – есірткіге қарсы. Денсаулық – өмірдің қуанышы» ұранымен өткізілді. Тартысты сайысқа қала мектептері бойынша 5 команда қатысты.
Нәтижесінде қол добынан шеберліктерін көрсеткен №59 орта мектеп командасы 1-орынды жеңіп алса, №55 орта мектеп командасы 2-орынды олжалады. Ал жүлделі 3-орын №57 орта мектеп командасына бұйырды. Жеңімпаздарға дипломдар, медальдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
– Жамбыл полицейлері салауатты өмір салтын насихаттауға балалар мен жасөспірімдерді ғана емес, сонымен қатар ересек тұрғындарды тартуға өз үлесін қосуда. Біз тұрғындарды дене шынықтыру мен спортпен белсенді айналысуға, есірткіге теріс көзқарасты қалыптастыруға шақыра отырып, дені сау ұрпақ өсуіне аз да болса септігімізді тигізгіміз келеді, – деп атап өтті Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІҚБ бастығы Асқар Жұмабеков.