Сарыағаш тұрғыны арзан көлік аламын деп 5 млн теңгесінен айырылды
Сарыағаш тұрғыны арзан көлік аламын деп 5 млн теңгесінен айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Сарыағаш полициясына жергілікті тұрғын әйел арызданған. Оның айтуынша, өзінің танысы Астана қаласынан арзан бағада автокөлік алып беремін деп сеніміне кіріп, 5 млн теңгесін алып кеткен. Алайда бүгінгі күнге дейін уәде етілген автокөлікті де, не өз ақшасын да ала алмаған.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.
Полицейлер жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Тәртіп сақшылары күдіктіні анықтау мақсатында ақпарат жинады. Нәтижесінде күдікті деп танылған Шымкент қаласының тұрғыны анықталды.
Белгілі болғандай, күдікті азамат жәбірленушіге жалған ақпарат беріп, ақшаны қалтасына басқан. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары оқиғаның толық мән-жайын тексеруде.