ШҚО-да көлік басқару құқығынан айырылған жүргізушіні мас күйінде ұстады
ШҚО-да көлік басқару құқығынан айырылған жүргізушіні мас күйінде ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz
Көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда тиісті қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстардың алдын алу, жолын кесу мақсатында 9-11 қараша аралығында Шығыс Қазақстан облысында «Құқықтық тәртіп» республикалық ЖПІШ өтті.
Жедел-профилактикалық іс-шара өткізу барысында Полиция департаментінің барлық жеке құрамы қызмет өткерудің күшейтілген түріне көшті. Аталған іс-шараға полиция мен Ұлттық ұланның барлық күштері мен құралдары жұмылдырылды. Үш күннің ішінде тәртіп сақшылары 65 қылмысты, сондай-ақ бұрын жасалған 19 қылмысты ашып, іздестіруде жүрген 7 қылмыскерді ұстаған.
72 сағат ішінде полицейлер екі мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 360 ұсақ бұзақылық фактісі, 518 – ішімдік ішу және қоғамдық орындарға масаң күйде келу фактісі, 492 адам тіркеусіз және жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұрғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. 2 мыңнан астам есептегі тұлғалар тұрғылықты жері бойынша тексерілді.
Тәртіп сақшылары заңсыз айналымнан 8 бірлік қаруды тәркіледі. Масаң күйде көлік құралын басқарғаны үшін 26 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көлік құралын басқару құқығынан айырылған және масаң күйдегі азаматтардың көлік құралын басқаруының 5 фактісі анықталды. Олардың бірі Көкжыра ауылының маңында болған.
Жергілікті полиция қызметкерлері 35 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы ВАЗ автокөлігін тоқтатқан, жүргізушіден алкогольдің иісі шығып тұрған. Қызметкерлер ер адамның 2020 жылы 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылғанын анықтаған.
Құқық бұзушыға қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігі (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.