Жамбыл облысының тұрғыны мас күйде көлік тізгіндеген
Жамбыл облысының тұрғыны мас күйде көлік тізгіндеген, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл ауданы Аса ауылының учаскелік полиция инспекторларымен әкімшілік аумақты патрульдеу барысында жол ережесін бұзған Lada-2114 автокөлігі тоқтатылды.
45 жастағы ауыл тұрғынының құжаттарын тексеру барысында оның 2021 жылдың мамыр айында масаң күйде көлік басқарғаны үшін көлік басқару құқығынан 2028 жылға дейін айырылғандығы анықталды.
Автокөлік жүргізушісі арнайы сараптамадан өтіп, дәрігерлермен оның алкогольдік өнімді «oрташа деңгейде» пайдаланғандығы расталды.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 346-бабының 1-бөлігі (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Автокөлік арнайы айыптұраққа қойылды, жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.