Астанада ер адамның телефоны мен ақшасын жымқырған әйел ұсталды
Астаналық әйел әлеуметтік желіде танысқан ер адамның телефоны мен ақшасын қолды қылған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астаналық азамат полицияға жүгініп, әлеуметтік желіде әйелмен онлайн танысқанын және біраз хат алмасудан кейін оған өмірде кездесуді ұсынғанын айтты. Алкогольді ішімдіктерді ішкеннен кейін жәбірленуші ұйықтап қалған, бұл жағдайды пайдаланған ханым Samsung телефонын және қолма-қол ақшаны ұрлап кеткен.
Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында Сарыарқа ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері қаланың 42 жастағы тұрғынын анықтады.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Әйел кінәсін мойындады. Полицейлер оның бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.