Ұлытау облысында "Автобус" ЖПІШ аясында 59 құқық бұзушылық анықталды
Ұлытау облысында "Автобус" ЖПІШ аясында 59 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлытау облысы аумағында "Автобус" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Шараның негізгі мақсаты – азаматтарды тасымалдайтын қоғамдық көліктердің жүргізушілері арасында заңдылықты және жол жүру ережелерін қатаң сақтау.
Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі және Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері бүгін "Транко-Экспресс" ЖШС өкілдерімен кездесу өткізді. Автопарк ұжымымен кездесу аясында ЖПҚБ бастығының орынбасары Ерғали Қожабеков, Әкімшілік полиция басқармасының бастығының орынбасары Ернияз Алиев, бөлім бастығы Арман Әбілқасымов қатысып, "Автобус" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында үш күнде облыста 59 әкімшілік құқық бұзушылық анықталғанын атап өтті.
Тәртіп сақшылары іс-шараның басты назары қоғамдық көліктердің қауіпсіздігіне бағытталғанын айтты. Осыған байланысты жолаушыларды қауіпсіз тасымалдау шараларын күшейту қажет.
- Біздің міндетіміз өзара әрекеттесу және жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алуға бағытталған. Ең бастысы, жолдар барлық қозғалыс қатысушылары үшін қауіпсіз болғаны жөн, - деді полицейлер.
"Автобус" жедел-профилактикалық іс-шарасы 11 желтоқсанға дейін жалғасады.