Петропавлда учаскелік инспектор «шулы» пәтер мәселесін шешуге көмектесті
Петропавлда учаскелік инспектор «шулы» пәтер мәселесін шешуге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жұмабаев көшесінің бойындағы жалға берілетін пәтердің көршілерінің ұйқысы енді тыныш болады. Бұл пәтерге қатысты үнемі түнгі уақытта тыныштықты бұзу бойынша арыз-шағымдар түсетін.
Тәуліктеп жалға берілетін пәтердің тұрғындарына шағымдар жиі түсіп отыратын. Өткен 2022 жылдың ішінде учаскелік полиция инспекторлары осы мекенжайға 15 рет барып, пәтерді жалдап тұрған тұрғындарды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Нәтижесінде мазасыз тұрғындар пәтерді босатуларына тура келген. Көбіне олар жастар болған.
Мәселені учаскелік полиция инспекторының табандылығы шешті. Ол «шулы» пәтердің иесі мен көршілерінің, сондай-ақ пәтер бюросының әкімшілігі арасында бірнеше рет кездесулер өткізіп, нәтижесінде тұрғын үйді ұзақ мерзімді жалға беру туралы шешім қабылданды. Көңілді кештер тоқтады, үй тұрғындарының тыныштығын ешкім бұзбайтын болды.
– Естеріңізге сала кетейік, адамдардың қалыпты демалуына кедергі келтіретін түнгі шу орын алған жағдайда жеке тұлғалар үшін 5 айлық есептік көрсеткіш түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Полицияға келіп түсетін қоңыраулардың жартысына жуығы жалдамалы пәтерлердің тыныштықты бұзуымен байланысты. Мұндай шағымдарға жедел ден қою үшін, сондай-ақ түнгі уақытта отбасылық жанжалдарға бару үшін патрульдік полиция батальонының қызметкерлерімен бірге түнгі кезекшілікке учаскелік полиция инспекторлары да шығады. Өткен жылдың 12 айында Петропавлдағы учаскелік полиция инспекторлары тыныштықты бұзумен байланысты 1995 қоңырауға ден қойды, – дейді Петропавл қаласы ПБ Жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Рустам Садулов.