ҚАЖ қызметкерлері сотталған әйелдің анасын жерлеуге қолғабыс етті
Абай облысының ҚАЖ қызметкерлері сотталған әйелдің анасын жерлеуге қолғабыс етті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сотталушы анасымен үнемі таксофон арқылы хабарласып тұрған, хабарласа алмаған соң бірден дабыл қаққанын айтты.
– Бізге сотталушы хабарласып, анасымен телефон арқылы байланыса алмағанын айтты. Анасы мүгедек, жалғыз тұрады. Біз сотталғанның анасы тұратын Шемонаиха ауданындағы әріптестерімізге хабарласып, мекенжайы бойынша анықтауды сұрадық. 18 мекеменің қызметкерлері учаскелік полиция қызметкерімен бірге мекенжайы бойынша барды, бірақ есік ішінен жабық болды, қаққан дыбысқа ешкім жауап бермегендіктен, есікті бұзуға мәжбүр болған. Үйде төсек үстінде жатқан әйелдің денесін тапты, – деді мекеме басшысының орынбасары Ернат Байжүменов.
Мекеме әкімшілігі сотталғанға анасының қайтыс болғанын хабарлап, жерлеуге көмек көрсетті. Сараптама әйелдің пешті абайсыз пайдалану салдарынан қайтыс болғанын анықтады.