Түркістан облысының полицейлері тұрғыннан 400 дана трамадол тәркіледі
Түркістан облысының полицейлері тұрғыннан 400 дана трамадол тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы ПД бастығы полиция қызметкері Мұрат Қабденовтің тапсырмасына сәйкес, заңсыз дәрі-дәрмек сатуды жою бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Осы мақсатта Келес аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері әсері күшті, сатуға тыйым салынған трамадол дәрілік препаратын заңсыз сақтау дерегін анықтады.
Нақтырақ айтсақ, полиция қызметкерлері арнайы ақпарат көздері арқылы елді мекендердің бірінде трамадол сатады деп күдікке ілінген жергілікті тұрғынды анықтап, онымен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде одан 400 дана трамадол дәрілері табылып, тәркіленді.
Сонымен қатар ол өз жауабында дәрілерді Шымкент қаласында бейтаныс біреуден алып, әрбір данасын 1200 теңгеден сатқанын мойындады. Бұл жайт Келес АПБ-ға тіркеуге алынды.
Сондай-ақ жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін Түркістан облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаментіне жолданды. Онда ҚР ӘҚБтК-нің 426-бабы 1-бөлігі (Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу) бойынша шара қолдану жұмыстары жүргізіліп жатыр.