Теміртауда 40 рет құқық бұзған жүргізушіге 1 млн теңгеге жуық айыппұл салынды
Теміртауда 40 рет құқық бұзған жүргізушіге 1 млн теңгеге жуық айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысында әкімшілік полиция қызметкерлерімен өткен қаңтар айында жол жүру ережелерін бұзу бойынша 15 мыңнан астам әкімшілік айыппұл салынып, оның 9 мың құқық бұзу фактісі бойынша айыппұлдар өндірілді.
Полиция қызметкерлері күнделікті жүргізушілер тарапынан жол жүру ережелерін өрескел бұзу фактілерін анықтайды. Мәселен, көлікті мас күйде басқарудың – 107, жолдың қарсы бағытына шығудың – 28, автокөлікті жалған мемлекеттік тіркеу нөмірімен басқарудың – 30 және жылдамдықты шектен тыс асырудың – 4400 дерегі анықталды.
– Айта кету керек, облысымызда жол жүру ережелерін бұзуды анықтайтын 86 стационарлық жүйемен 11 Екин Патрол кешені жұмыс істейді. Екин Патролмен бір ай ішінде 5 мыңнан астам айыппұл салынып, 3600 айыппұл өндірілді. Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында Қарағанды қаласындағы екі көшеге тағыда қосымша жылдамдық өлшегіш құралдары орнатылды. Сонымен қатар, жолдағы қауіпсіздікті қадағалау мақсатында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің тапсырмасына сәйкес «Қорғау» мобильдік қосымшасы іске қосылды. Бұл жүйе бойынша полиция қызметкерінің қызметтік планшетіне жол-жүру ережелерінің бұзылу фактісін анықтайтын барлық камералардан ақпарат келіп түседі. «Қорғау» жүйесі бойынша полиция қызметкерлерінің қызметтік планшетіне жүргізу құқығынан айырылған жүргізушілер, айыппұлы бар жүргізушілер, техникалық байқаудан өтпеген көліктермен криминалдық сипаты бар көліктердің тізімі енгізілген, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бағдат Кәкімов.
Сондай-ақ, оның айтуы бойынша тек бір апта ішінде бірнеше айыппұлдарды төлемей жүрген және сақтандыру полистері жоқ 50 құқық бұзушы анықталды. Бірқатар құжаттары дұрыс емес көліктер айыппұл тұрағына қойылды.
Мәселен, 10 ақпан күні Теміртау қаласында 40 рет жылдамдықты шектен тыс асырып, жалпы соммасы 966 мың айыппұл жинаған 30 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Қазіргі уақытта ол барлық айыппұлдарын төледі.
Полиция қызметкерлері азаматтарды жол жүру ережелерін бұзбай, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.