Елордада көлікті мас күйде басқарған жүргізуші анықталды
Елордада көлікті мас күйде басқарған жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу, көшелерде және қоғамдық орындарда қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында елордалық полиция қызметкерлері көлік құралдарын мас күйінде басқаратын жүргізушілерді анықтау бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізеді.
«Қоғамдық қауіпсіздік» жедел алдын алу іс-шарасы барысында сағат 01:10-да патрульдік полиция полкінің қызметкерлері Айнакөл – Бесшалқар көшелерінің қиылысында Ваз-2114 көлігін тоқтатты. Құжаттарды тексеру кезінде 31 жастағы жүргізушіден алкоголь иісі шыққан. Медициналық куәландыру нәтижелері бойынша оның жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаңдығы анықталды. Ол бұрын осыған ұқсас теріс қылық жасағаны үшін автокөлік құралын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Аталған баптың санкциясы бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Тәртіп бұзушы ПД УҰИ-ға орналастырылды. Көлік коммуналдық тұраққа қойылды.
Жыл басынан бері елордада мас күйінде болған 246 жүргізуші анықталды. 16 жүргізуші медициналық куәландырудан бас тартты. ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) бойынша 12 жүргізуші қылмыстық жауапкершілікке тартылды.