Таразда синтетикалық есірткі сатумен айналысқан азамат құрықталды
Таразда синтетикалық есірткі сатумен айналысқан азамат құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында қала аумағында есірткі заттарын өткізумен айналысқан 20 жастағы ер адамды ұстады.
Оның жеке басын тінту барысында иығына асынған сөмкесінен ішіне синтетикалық есірткі салынып оралған 15 бума табылды. Күдікті оны облыс орталығында одан әрі өткізу үшін арнайы дайындап қойғанын айтты.
– Қазіргі уақытта ол Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігімен (Аса ірі мөлшерде есірткі, психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.
Осы баптың санкциясы мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді, – деді облыстың ПД ЕҚҚІБ бастығы Әлім Бажықбаев.