Қызылорда облысында мәжбүрлі еңбекті орындаудан жалтарған сотталған бас бостандығынан айырылды
Қызылорда облысында мәжбүрлі еңбекті орындаудан жалтарған сотталған бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Байқоңыр қалалық пробация қызметінің есебінде тұрған Қызылорда облысы Байқоңыр қалалық сотының 2022 жылғы қыркүйек айының 26 күнгі үкімімен ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (Тұрғын, қызметтік немесе өндірістік үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кірумен жасалған ұрлық), 191-бабының 1-бөлігі (Тонау), 190-бабының 1-бөлігі (Алаяқтық), 58-бабының 3-бөлігі (Қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау) бойынша түпкілікті 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілген А. есімді азамат мәжбүрлі еңбекті орындаудан қаңтар айы бойы жалтарғаны үшін 2023 жылы қаңтар айының 23 күні Қызылорда облысы Байқоңыр қалалық сотына бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айырумен ауыстыру туралы ұсыным жолданды.
А. есімді сотталған есепке алынғанға дейін тергеу изоляторында бірнеше ай қамауда болғанына және сот тарапынан қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жаза тағайындалғанына қарамастан, 2023 жылдың қаңтар айы бойы мәжбүрлі еңбекті орындаудан қаскөйлікпен жалтарған және сол үшін оған бірнеше рет жазбаша ескерту жарияланған.
Алайда, оған қарамастан А. есімді сотталған мәжбүрлі еңбекті орындаудан жалтаруын тоқтатпаған және мәжбүрлі еңбекті орындауға кіріспеген.
Қазақстан Республикасы ҚАК-нің талаптары бойынша бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға сотталған адамның мәжбүрлі еңбекті орындаудан бас тартуы немесе дәлелді себептерсіз мәжбүрлі еңбекті орындаудан жалтаруы – бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеуді бұзушылықтар деп танылады.
Аталған ұсынымды 2023 жылы қаңтар айының 13 күні негізінен қарау барысында прокурормен сотталғанның жазасын ауыстыру туралы қорытынды берілді.
Осыған орай, А. есімді сотталған бас бостандығын шектеу жазасының 1 жыл 11ай 15 күн өтелмеген мерзімі нақ сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу белгіленген.
Қаулы заңды күшіне енді.