Оралда студенттер алаяққа алданып қалды
Оралда бір жылға жуық алаяқ шағын қаржы несие рәсімдейтін ұйымдар арқылы студенттерді алдап келген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тергеу барысында күдіктінің бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды.
Орал қаласы ПБ Абай Пб криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері 31 жастағы азаматты анықтап, ұстады. Ол делдалдық арқылы студенттерді алдап, несие алуды ұсынған. Банктерде студенттерге несие алу қиын болғандықтан, жастар қаскүнемнің ұсынысына бірден келісіп, өздерінің жеке мәліметтерін берген. Салдарынан алаяқ оларға несие беріп, қолма-қол ақшаны иемденген. Ал алданған студенттерге жақын арада ақша беруге уәде берген.
Жастар алданғанын түсініп, полицияға жүгінді. Бүгінгі күні іс бойынша алты адам жәбірленуші деп танылды, бірақ іс жүзінде алаяқтың құрбандары көп болуы мүмкін, полицейлер істің барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Келтірілген шығын көлемі 700 мың теңгеден астам.
Ұсталған адамға қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.