Қарағанды облысында бірнеше алаяқтыққа қатысы бар күдікті қамауға алынды
Қарағанды облысында бірнеше алаяқтыққа қатысы бар күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысы Нұра аудандық полиция бөліміне 34 жастағы ауыл тұрғынынан арыз түсті. Жәбірленуші арызында жеке кәсіппен айналысатынын және өзіне тиесілі сауда орны барын көрсетті. Арызданған күні сатушы жұмыс күнінің соңына қарай, сатып алушыға жалпы соммасы 11 мың теңгеге азық-түлік сатқан. Сатып алушы азық-түліктің ақшасын телефондағы банк қосымшасы арқылы төлейтінін айтып, дәлел ретінде сатушыға телефоннан түбіртекті көрсеткен. Алайда арада екі күн өткенде сатушы түбіртектің жалған екенін ешқандай ақша түспегенде бірақ білген.
Криминалдық полиция қызметкерлерімен осы істі ашу бойынша жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 36 жастағы алаяқ ұсталды. Ол қылмыс жасағаны туралы мойындау көрсетпе белгілерін берді.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 190-бабымен (Алаяқтық) қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері тергеу әрекеттері барысында күдіктінің осыған ұқсас тағы бес қылмысқа қатысы барын анықтады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.