Павлодар облысында бақылаусыз жайылып жүрген малдың иесіне айыппұл салынды
Павлодар облысында бақылаусыз жайылып жүрген малдың иесіне айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көктемгі маусымның басталуымен дала алқаптарында мал саны артып барады. Барлық мал иелері тәртіпке бағына бермейді. Сонымен бірге олардың ұқыпсыз қарауы қайғылы салдарға жиі себеп болады. Мал көбіне жол-көлік оқиғаларын тудырады. Айта кету керек, жол-көлік оқиғаларының және мал ұрлығының алдын алу мақсатында полицейлер облыс аумағында үнемі рейдтер жүргізеді, сондай-ақ жолдарды патрульдеу барысында иесіз жүрген мал анықталады.
Павлодар облысында бақылаусыз жайылып жүрген малды орналастыратын 146 айыппұл тұрағы жұмыс істейді.
– Мәселен, 3 сәуірде Ақсу қаласының кезекші бөліміне Беловка – Қалқаман ауылы автожолының жол жиегінде 50-ден астам сиыр жайылып жүргені туралы хабарлама келіп түсті. Учаскелік полиция инспекторы осы малдың иесін анықтады. 42 жастағы ауыл тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік материал жасалды. 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, – деді Ақсу қаласы ПБ бастығының бірінші орынбасары Шаудыров Темірбек.
Жыл басынан бері Павлодар облысында полицейлер бақылаусыз жайылып жүрген 15 мыңнан астам малды анықтап, айыппұл тұрақтарына орналастырды. Полиция барлық мал иелеріне ауылшаруашылық жануарларын жаю ережелерін қатаң сақтау қажет екенін ескертеді.