Атырау облысында жол ережесін бұзудың 300-ден астам дерегі тіркелген
Атырауда жыл басынан бері тас жолдарда әуе бейнекамерасы арқылы 300-ден астам басып озу дерегі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Республикалық маңызы бар тас жолдарда болатын жол-көлік оқиғаларына басты себеп – көлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін сақтамау. Статистикалық мәлімет бойынша жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс асырып, қарсы бағытқа шығып, басып озу қағидатын бұзуынан болады.
Тас жолдарда жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында Атырау облысы ПД жанындағы патрульдік полиция ротасының қызметкерлері әуе бейнекамерасын (дрон құрылғысын) пайдалануда. Жыл басынан бері дрон құрылғысы арқылы 300-ден астам басып озу ережесін бұзу дерегі анықталды.
Осы мақсатта атыраулық полицейлер авариялық аумақта күшейтілген режимде қызмет атқарып, күнделікті профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатыр.