Екі астаналық тұрғын үйдің кіреберісінен электр есептегіштерін шешіп алып кеткен
Елордалық полицейлер көппәтерлі үй тұрғындарының электр есептегіштерін иемденген күдіктілерді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға Төлебаев көшесіндегі елордалық кешендердің бірінде тұратын азаматтардан бірден бірнеше өтініш келіп түсті.
Алматы ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында электр есептегіштерін ұрлауға қатысы бар 26 және 34 жастағы екі ер адамды анықтады. Тергеу нәтижесінде олар тұрғын үйдің кіреберісіне еркін түрде кіріп, алдын-ала дайындалған құралдарды пайдаланып, кіреберісте орналасқан құрылғыларды шешіп алғаны анықталды. Бір есептегіштің құны 48 мың теңгені құрайды. Бір кеште олар бірден төрт құрылғыны иемденіп үлгерген, келесі күні қаскүнемдер екі құрылғыны шешіп кеткен.
Полиция ер адамдардың электр есептегіштерін ұрлаудың 15 эпизодына қатысы бар екендігін анықтады. Олар барлық ұрланған мүлікті базарда сатып алушыларға сатқан. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Ұсталғандардың елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Заттай дәлелдемелер тәркіленді.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы негізінде тергеу мүддесінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды.
Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға сақ болуды ескертеді. Егер сіз күдікті адамдарды байқасаңыз, полицияға «102» арнасына хабарлауды сұраймыз.