Екібастұзда есірткілік мас күйде көлік басқарған жүргізуші анықталды
Екібастұзда есірткілік мас күйде көлік басқарған азамат 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері Екібастұз полицейлері 62 мас жүргізушіні ұстады және сот оларды 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырды. Сондай-ақ 15-тен 20 күнге дейін әкімшілік қамауға алынды.
Мәселен, 19 сәуірде сағат 20.00 шамасында М.Әуезов көшесінде есірткі қабылдап, масаң күйде болған 37 жастағы жүргізушінің басқаруымен Mercedes-Benz көлігі тоқтатылды. Көлік арнайы тұраққа қойылды. Жүргізуші куәлігі алынды. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Әкімшілік сотының шешімімен жүргізуші 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылып, әкімшілік қамауға алынғандар үшін арналған арнайы қабылдау орнына 15 тәулікке орналастырылды.
– Сонымен қатар полицейлер сотқа 28 материал жіберді, олар ресми тыйым салынғанына қарамастан, қайтадан мас күйінде көлік тізгіндеген. Олардың алкогольге, сондай-ақ тыйым салынған заттарға деген қызығушылығы салдарынан көлік жүргізу құқығынан біржола айырылды, – деді Екібастұз қаласы ПБ патрульдік қызмет ротасының командирі Фаруз Күсембеков.