Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысы ПД-да 21 этнос өкілі қызмет атқарады

Қостанай облысы ПД Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеуге арналған салтанатты іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері шақырылып, осы мемлекеттік мерекенің маңыздылығы туралы айтып берді.

Өз сөзінде Қостанай облысы ПД бастығы Ерлан Омарбеков бұл мереке Қазақстан халқының бірлігін тағы да айшықтай түсетінін айтты. Бұған дәлел, әр түрлі этнос өкілдері түрлі ұжымдарда бірігіп жұмыс істейді. Сондай ұжымдардың қатарына полиция департаменті де кіреді.

– 1 мамыр отансүйгіштіктің, туған жерге деген сүйіспеншілік пен адалдықтың жарқын символы. Біз барлық ұлттар мен ұлыстар түрлі салаларда, соның ішінде полицияда табысты және адал еңбек ететін бірегей елде өмір сүріп жатырмыз. Тек біздің Департаментте 21 этносты қамтитын 383 өзге ұлт өкілдері қызмет атқарады. Олардың әрқайсысы еліміздің заңдылығы мен құқықтық тәртібіне үлес қосады, – деді Ерлан Омарбеков.

Содан кейін Ерлан Омарбеков Қостанайдың этномәдени орталықтарының өкілдеріне алғыс хаттар табыс етті.

Өз кезегінде «Раздолица» славян және казак әндері ансамблінің жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Светлана Обухова бейбітшілік пен келісімді сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

– Бізде бар түрлі этностардың бірлігін сақтау қажет. Бұл біздің өскелең ұрпақ үшін өте маңызды. Сондықтан олар оны бағалайды және осы бірлікті сақтайды. Ең алдымен Қазақстанда тұратын әрбір этностың бірегейлігін, сонымен бірге жалпы халқымыздың бірлігін көрсететін осы тамаша мереке қарсаңында сіздерге зор денсаулық, жұмыста табыс және бейбітшілік тілеймін, – деп атап өтті ол.

Салтанатты жиын мерекелік концертпен жалғасты, онда көрермендерге шығармашылық ұжымдар өз өнерлерін көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру