Павлодарда мас жүргізуші 15 тәулікке қамауға алынды
Павлодарда мас жүргізуші 15 тәулікке қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
30 сәуірде сағат 22:25 шамасында академик Бектұров көшесі 20 мекенжайынан Toyota Camry автокөлігінің жүргізушісі сол жерден кеткелі тұрды. Алайда патрульдік көлікті көргеннен кейін ол «бұрынғы орнына» қайта оралды. Бұл әрекет жақын жерде патрульдеуді жүзеге асырған полиция қызметкерлерінің күдігін тудырды.
– Жүргізушіге жақындадым. Әңгімелесу кезінде алкогольдің иісі шықты. Медициналық қорытындыға сәйкес, жүргізуші «орташа дәрежелі» мас болған. 35 жастағы жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама жасалды. Материал сотта қаралды. Сот шешімімен жүргізуші 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, – деді Павлодар қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының командирі Айдар Сламбеков.
Құқық бұзушының айтуынша, сол күні кешке ол ішімдік ішіп, «қаланы айналып өтуге» барғысы келген. Автотұрақтан шығып, бірнеше метр жүріп өтіп, автопатрульді байқап, ұсталмас үшін тағы да тұраққа тоқтаған.
Айта кету керек, биыл Павлодар полицейлері көлік құралдарының жүргізушілерін мас күйде жүргізудің 408 дерегінің жолын кесті. Барлық жүргізушілер жауапкершілікке тартылды.