Қызылорда облысында бірнеше үйге ұрлыққа түскен күдікті құрықталды
Қызылорда облысында бірнеше мәрте ұрлық жасап, бөтеннің көлігін айдап кеткен 25 жастағы күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысының Жалағаш ауданында көлік ұрлаған күдікті ұсталды. 23 сәуір күні полицейлерге жергілікті тұрғын үйінің жанында тұрған Ваз-21150 көлігінің ұрланғандығын айтып, арызданған. Шығын көлемі – 600 мың теңге. Түскен арыз бойынша дереу бағыт-бағдар беріліп, жедел-іздестіру шаралары жүргізілді. Нәтижесінде көлікті айдап әкеткен облыс орталығының 25 жастағы тұрғыны ұсталды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 200-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар полиция қызметкерлері көлік ұрлаған азаматтың пәтер ұрлығының төрт дерегіне қатысы барын анықтады.
Мәселен, облыс орталығындағы мөлтек аудандардың бірінде жаңадан салынып жатқан үш үйге заңсыз кіріп, тұрмыстық заттарды қолды еткен. Әккі ұры оңтайлы сәтті пайдаланып, облысты аралап, бірнеше ауданда ойын жүзеге асырған.
29 сәуір күні Жаңақорған ауданында жасаған пәтер ұрлығы да дәлелденіп отыр. Үйдің пластик терезесін бұзып кіріп, сандық ішінен 800 мың теңге, алтын бұйымдар мен ыдыс-аяқтар ұрлаған. Үй иесіне келтірілген шығын көлемі 1,1 млн теңгеден асады.
Ұрлық қылмысының төрт дерегі бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазіргі уақытта полицейлер бұл азаматтың басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.