Қызылорда облысының ПД бастығы Қармақшы ауданының тұрғындарымен кездесті
Қызылорда облысының ПД бастығы Қармақшы ауданының тұрғындарымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аудандарды аралап, құқық қорғау органдары басшыларымен бірлесе жеке қабылдау жүргізуде. Бүгін жеке қабылдау Қармақшы ауданында өтті. Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Махсудхан Аблазимовтың Қармақшы ауданында өткен жеке қабылдауында ауданның бес тұрғыны болды.
Мәселен, Жосалы кентінің тұрғыны мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу бағытында атқарылып жатқан шаралар жөніндегі сұрағымен жүгінді. Қолындағы азын-аулақ малын күнкөріс көзіне айналдырып отырған ауыл тұрғындары үшін бұл өзекті мәселе. Махсудхан Аблазимов ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған полицейлер мал ұрлығы қылмысын болдырмау, алдын алу жолында жедел-қызметтік жұмысының тиімділігін арттырып отырғандығын айтты. Профилактикалық жұмыстарды өз деңгейінде жүргізудің нәтижесінде Қармақшы ауданы көлемінде жыл басынан мүлдем мал ұрлығының тіркелмегендігін ерекше атап өтті.
Департамент бастығының қабылдауына келген тұрғындардың әрқайсысының толғандырған мәселелері тыңдалып, заң шеңберінде жауаптар берілді. Әр сауал назарға алынып, тиісті жұмыстар жүргізу үшін сала басшыларына тез арада шешім қабылдап, арызданушыларға заңмен көрсетілген мерзімде жауап беру үшін нақты тапсырмалар берді. Жеке қабылдау кезінде әртүрлі сипаттағы сұрақтар келіп түсті. Полиция құзыретіне қатысы жоқ сұрақтармен келген тұрғындарға заңгерлік кеңес берілді. Департамент бастығы өзінің азаматтық ұстанымын, ұсыныс-пікірін білдірген азаматтарға алғысын білдіріп, түйткілді мәселелерді шешу бағытында жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
Сондай-ақ полиция департаментінің бастығы Қармақшы ауданына жұмыс сапары барысында аудандық полиция бөліміне барып, бөлім қызметкерлерінің жұмысымен танысты.
– Бүгінгі таңда қай сала болсын ашықтық пен жариялылық қағидатын ұстануда. «Жұртқа жақын полиция» қағидаты полиция қызметіне жаңа серпін берді. Сондықтан да бүгінгі күні біздің басты мақсатымыз – қоғаммен ашық тіл табысып, азаматтардың сеніміне ие болу, атқарылған жұмыстарды ашық көрсету және көпшілікпен бірлесе қылмыстың алдын алу жұмыстарын жүргізу, – деді облыстың бас полицейі.
Бұл орайда облыстың полиция департаментінің бастығы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне маңызды міндеттер жүктеп, сала жұмысын жетілдіруді тапсырды.