Шымкентте «Абайлаңыз, балалар!» ЖПІШ аясында 765 құқық бұзушылық тіркелді
Шымкенттік полицейлер балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін барлық қажетті шараларды іске асырып келеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
15-31 мамыр аралығында республика көлемінде “Абайлаңыз, балалар!” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Оның негізгі мақсаты – балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, олардың көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріп-тұруын қамтамасыз ету, беймезгіл уақытта ата-анасының қарауынсыз жүруін және басқа да өрескел құқық бұзушылықтарды болдырмау.
Аталған шара аясында Шымкент қаласы полиция департаменті ЖПҚБ-ның қызметкерлері 765 құқық бұзушылықты анықтады.
Сондай-ақ қала мектептерінде жасөспірімдерге түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, құқықтық дәрістер өткізіліп жатыр. Нақтырақ айтқанда, ювеналды полиция басқармасының учаскелік инспекторлары Хабибулла Юсупов пен Сәбит Палжанов №45 мектеп-гимназиясына барып, бастауыш сынып оқушыларына түсіндірме сағатын өткізді. Мектеп ішінен құрылған жас жол полицейлері де балаларға ақпараттық жадынамалар таратып, олардың жаяу жүргіншілер жолағынан ережеге сай, дұрыс өтуіне көмектесті.