Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жемқорлықпен күрес ымырасыз жүргізілуде

Жемқорлық – қоғамның өзегіне түскен жегі құрт. Оны жоймай мемлекетте даму, уақыт көшіне сай өркендеу болмайды. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың ақпан айында өткізген арнайы кеңесте сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтардың бірі екенін атап көрсеткен болатын.

Иә, заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек. Сонда ғана қоғамдық сана, ой-өріс жоғарылап, еліміз әр салада қарқынды даму жолына түседі.

Елімізде соңғы жылдары бұл бағытта бірқатар маңызды қадамдар жасалды. Әсіресе, құқықтық салада оң өзгерістер бар. Басқасын айтпағанда, қылмыстық процестің үш буынды үлгісі енгізілуі – азаматтарымыздың конституциялық құқығы жоғары деңгейде қорғалуына айтарлықтай септігін тигізе бастады. Осындай маңызды шаралар халықтың жалпы еліміздегі құқықтық жүйеге деген сенімін нығайта түскенін айта кеткен ләзім. Бұрын сыбайлас жемқорлық белгілері дәл осы салада көп еді.

Мемлекет басшысы осы жиында жемқорлықпен күрестің тиімділігін одан әрі арттыру үшін өзінің тапсырмасы бойынша әзірленген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын бекітетінін мәлімдеп, құзырлы органдардағы бірінші басшылардың жұмысын жемқорлықпен күрес көрсеткіші арқылы да бағалайтынын ескерткен еді. Аталған тұжырымдама қабылданғаннан кейін-ақ елімізде бұл індетке қарсы күрес кең ауқымда қарқын алды. Біздің ендігі міндетіміз бүкіл қоғам болып жемқорлықпен күреске жұмылып, нақты нәтижелерге қол жеткізуге тиіспіз. Мемлекет басшысы әрбір құзырлы органның, қала берді бүкіл қоғамның алдына осындай айырықша міндет қойды. Сол себепті, “Жемқорлық – індет, онымен күресу міндет!” қағидасын әрбір азаматтың санасына сіңіру – біздің бәріміздің ортақ мақсат-мұратымыз екенін жете сезініп, жұмыс істеу – басты парыз.

Ішкі істер министрлігі де қазірдің өзінде осы бағытта көптеген нақты жұмыстар жүргізуде. Ең алдымен сыбайлас жемқорлықтың туындауына ықпал ететін себептерді анықтау және жою үшін сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жасауға баса назар аударылды. Өткен жылы ІІМ мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арасындағы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға сәйкес көші-қон бөлімшелерінде осындай талдау жүргізілді. Осы талдау нәтижелері негізінде тәуекелдерді жою бойынша 49 ұсыным әзірленген болатын. Еңбек мигранттарына рұқсат беру функциялары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне берілуі – осы талдау нәтижесінен кейінгі қабылданған шешімнің бірі.

Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізуші куәліктерін беру және автокөлікті тіркеу мәселелері бойынша жүргізілуде. Дәл осындай талдауды жылдың соңына дейін заттай дәлелдемелерді сақтау және беру, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесінде қызмет өткеру мәселелері бойынша жүргізу жоспарланған.

Халқымызда “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” деген мақал бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте біз осы мақалды басшылыққа алып, азаматтық қоғаммен өзара тығыз байланыс орнатуды қолға алған едік. Ішкі істер органдарының қызметі мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің құрамына да белгілі қоғам қайраткерлері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, оқу, ғылыми мекемелердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, БАҚ өкілдері және блогерлер тартылды.

Осы Қоғамдық кеңестің жанынан Сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия құрылды, мұнда жемқорлыққа қатысты мәселелер жан-жақты қаралады.

Өз ісіне адал, әдепті, параға сатылмайтын полиция қалыптастыру үшін әлемдік тәжірибені де назарымыздан тыс қалдырған жоқпыз. Биылғы 2022 жылдың қаңтар айынан бастап Мемлекет басшысы бекіткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыру үшін ішкі істер органдарының қызметкерлерін “Integrity Check” парасаттылығына тексеру бойынша пилоттық жоба іске қосылды.

Айта кету керек, мұндай тексерулер АҚШ, Ұлыбритания, Австралия, Чехия, Грузия, Венгрия, Молдова, Румынияда оң нәтиже берген. Шет елдерден айырмашылығы, қазақстандық модельде полицейлер жұмысының сервистік тәсілдеріне көшу және клиентке бағдарлану мәселесіне баса мән берілді.

Осы ретте полицейлердің күнделікті жұмысында кездесетін жағдайларға барынша жақындатылған кейстер әзірленді. Осы бойынша полиция қызметкерлерінің азаматтарға қаншалықты сыпайы, әдепті қарым-қатынас жасайтыны баса назарға алынып, қылмыстар мен оқиғаларға қатысты тұрғындардан түскен дабылдарға олардың қалай жедел әрекет ете білетіні тексерілді.

Жоба іске қосылғанда, ең алдымен, жұртшылықпен күнделікті өзара жиі байланыста болатын патрульдік, ювеналды полиция, учаскелік инспекторлар, көші-қон, жергілікті және әкімшілік полицияның полицейлері, сондай-ақ модульдік бекеттерде, фронт-офистерде, кезекші бөлімдерде қызмет атқаратын қызметкерлер тексеру нысанасына алынды.

Жобаны іске асыру барысында объективтілік және қызметкерлердің құқықтарының бұзылуына және араңдатушылық әрекеттерге жол бермеу жағы да қатаң ескерілді. Сол себептен, бұл жұмыстарды тек қана ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаментінің күштері жүзеге асырады.

Бүгінгі таңда 227 қызмет атқару объектісінде күн сайын халықпен тығыз байланыста жұмыс жасайтын 642 қызметкер тексерілді. Бұл тексерулердің нәтижелері жеке іске енгізіледі және одан әрі қызмет бабында ілгерілеу кезінде ескерілетін болады.

Жалпы, бұл жобаның аралық нәтижелері жағдайдың айтарлықтай жақсарғанын көрсетті. Келіп түскен өтініштер бойынша жедел қызмет көрсетіле бастады, қызметкерлер өз жұмысына жауапкершілікпен қарауға, дұрыс және сыпайы жауап беруге тырысады, бұл қызмет көрсету моделінің принциптеріне толығымен сәйкес келеді.

Полицейлер тексерулер жүріп жатқанын жақсы білетіндіктен, әрбір өтініш-шағыммен келген азаматтарды әлеуетті тексерушілердей қабылдайды және құқық бұзушылықтарды анықтау және алдын алу бойынша өз міндеттерін адал орындайды.

Осы ретте, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша, оның ішінде жол қауіпсіздігі саласындағы көрсеткіштердің айтарлықтай жақсарғаны байқалады. Ағымдағы жылғы 4 айдың нәтижесінде жол қозғалысы ережесін бұзушылықтар саны 24,4%-ға, ал жол-көлік оқиғасында қаза тапқандар саны 7,3%-ға, оның ішінде елді мекендерде 3%-ға төмендеді.

Бір осындай жобаның арқасында жеке құрам арасындағы “сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет” жоғарылап, пара беру әрекеттері туралы баянаттар саны алты есеге (48-ден 229-ге дейін) өскенін айрықша атап өткен абзал. Қазір осы баянаттардың 59-ы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды (ҚК 367-бабы).

Жалпы алғанда, соңғы бірер жылда жылда алғаш рет сыбайлас жемқорлық деңгейі патрульдік полицияда 50% (22-дан 11-ге дейін) және көші-қон қызметінде 80%-ға (5-тен 1-ге дейін) төмендеді.

Қазіргі уақытта жедел-тергеу бөліністері қызметкерлерінің парасаттылығын тексеру бойынша 20 кейс әзірленді. Оны сынақтан өткізу ағымдағы жылғы екінші тоқсанда басталды.

Мемлекет басшысы біздің алдымызға 21 ғасырдағы қазақстандық полицияның кәсіби сервиске бағдарланған моделін “жазалаушы” органнан адамға бағытталған модельге құру міндетін қойған болатын.  Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін әр полицейдің санасын өзгертіп, мәдениетін көтеру бағытында нақты жұмыстар атқаруымыз қажет.

Осы ретте әрбір қызметкерден заңдылық, жан-жақтылық және бәрін уақтылы атқару қағидаттарын негізге алу, талаптарды дұрыс және сенімді түрде баяндау, жанжалдарды шеше білу, әрбір өтінішке жанашырлықпен қарау талап етіледі. Тұрғындар полицейлердің үнемі заңдылық күзетінде тұрғанын және кез келген заңсыз әрекеттерге тосқауыл қойып, қорған болатынын сезінуі керек.

Сондай-ақ, жеке құрам арасындағы қылмыстардың көпшілігінің ашылу көрсеткіштері жақсарды (78% өз күшімізбен). Бұл бағытта негізінен қылмыстық топтарды әшкерелеу, жасырын сыбайлас жемқорлық схемаларын және жасырын түрде алым жинауды анықтауға айырықша күш салынды.

Мысалы, Жамбыл және Қостанай ПД-де жүйелі сыбайлас жемқорлық фактілері (патрульдік полицияның жеке құрамынан заңсыз алымдар жинау) анықталды, Астана қаласында полицейлердің қылмыстық элементтермен бірігу әрекеттері (есірткі сатушыларға қорғап, бүркемелеу) белгілі болды. Сондай-ақ Абай облысы (Семей қаласы ПБ-ның УҰИ-да беделді қылмыскерлердің заңсыз кездесулерін ұйымдастыруы), Түркістан облысы (көші-қон бөлімінің бастығы және оның қарамағындағылардың шетелдіктерге қамқорлық жасауы) және Ақтөбе облысы Полиция департаменттерінде (қылмыстық жауаптылықтан құтқарғаны үшін 350 мың теңге алған ПБ бастығы әшкереленді) бірқатар фактілер анықталды.

Бұған қоса, қол астындағы бағынышты қызметкерлердің жасаған қылмысы үшін әртүрлі деңгейдегі 57 басшы жазаланды, 21 адам атқаратын лауазымдарынан босатылды, 15 адам өздерінің лауазымына толықтай сай еместігі туралы ескерту алды. Сонымене бірге уәкілетті мемлекеттік органмен өзара бірлескен ынтымақтастық туралы Меморандум шеңберінде 7 сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша жаза тағайындалды.

Жалпы, Ішкі істер министрлігі мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыруға баса мән беріп, әсіресе өз қатарында болдырмау бағытында белсенді жұмыстар жүргізеді.

Ішкі істер органдарының қызметін, оның ішінде азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру белсенді жүргізілуде. Бұл да сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда үлкен рөл ойнайтын саланың бірі.

Қазіргі уақытта ІІМ көрсететін 39 мемлекеттік қызмет (93 шағын түрі) электрондық форматқа ауыстырылды. Ал 7 мемлекеттік қызмет смартфондандырылды (уақытша келген шетелдіктерге ЖСН беру, жүргізуші куәлігін беру, көлік құралдарын тіркеу және қайта жабдықтау, тіркеу және алу тұрғылықты жері бойынша тіркеуден және тіркеу мекенжайын растау).

“Е-Visa” жобасы іске асырылуда, оның шеңберінде шетелдіктердің виза алу тәртібі жеңілдетілді (елшілікке жүгінбей электрондық форматта алу қызметі). Шетелдіктерге уақытша тұруға рұқсат беру ХҚКО арқылы жүзеге асырылады, сондай-ақ электрондық үкімет порталы арқылы қызмет алуға мүмкіндік бар. Елімізге 30 тәулікке келген шетелдіктердің барлық санаттары үшін тіркеу тоқтатылды, еңбек мигранттарына рұқсат беру уақыты 5-7 күннен 2 сағатқа дейін қысқартылды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша полиция бөлімшелерінде үздіксіз бейнебақылау жүйесі енгізілді. Бүгінде осы жүйе негізінде полиция органдарының азаматтар жиі келетін барлық қызметтік үй-жайларына 20 мыңнан астам бақылау камералары орнатылды. Аталған үй-жайларда бейнебақылаусыз қалған аймақтарды болдырмау мақсатында ағымдағы жылдың соңына дейін тағы 4 мыңнан астам бейнекамера орнату жоспарлануда.

Мұндай жүйе қашықтағы режимде көрсетілген үй-жайларды толық бақылауға алып, жедел басқару орталықтарына және полиция органдарының кезекші бөлімдеріне, сондай-ақ бөлімшелер басшылығына суреттерді жөнелтіп отыруға мүмкіндік береді.

Бақылау камераларынан алынған барлық ақпарат серверлерде қолжетімділігі шектеулі күйде 30 күн сақталады, бұл ақпаратты рұқсатсыз жою мүмкіндігін болдырмайды.

Бұл кешенді шаралар полиция жұмысының ашықтығын және азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосады, полицейлер мен азаматтардың өздерін заңсыз әрекеттерден бас тартуға мәжбүр етеді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.

Еліміздегі жол қозғалысында зияткерлік бақылау жүйелері белсенді қолданылады. Еліміздің жолдарында жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін 18,4 мың камера орнатылған. Осы камералардың ереже бұзушылықтарды автоматты тіркеуі нәтижесінде барлық бұзушылықтардың жартысына жуығы полицияның байланысынсыз анықталады.

Сонымен бірге, патрульдік полиция қызметкерлері планшеттермен және  киіп жүретін бейне-жетондармен 100 пайыз жабдықталды. Қазір осы бағыттағы жұмыстар учаскелік полиция қызметкерлері мен ювеналды полиция қызметкерлері арасында жүргізілуде.

Қазіргі уақытта әкімшілік іс жүргізу, оның ішінде жол қауіпсіздігі саласында істі жүргізу электрондық форматта жүзеге асырылады. Құқық бұзушылықтар туралы мәліметтер онлайн-режимде Электрондық үкімет порталына келіп түседі, бұл материалдарды бұрмалау мүмкіндігін болдырмайды.

Осылайша, цифрландыру есебінен әкімшілік кедергілер азайтылды, сондай-ақ күнделікті қызметке қатаң бақылау орнатылды, бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға айтарлықтай мүмкіндік беріп отыр.

Қорыта келе айтпағымыз, ішкі істер органдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстар жалғасын табуда. Қолданыста өзін ақтаған тәсілдер үнемі жетілдіріліп отыратын болады.

 

Марат АХМЕТЖАНОВ,

ҚР Ішкі істер министрі,

полиция генерал-полковнигі

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру