Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Семейдегі колонияға шырын пакетіне жасырып телефон өткізбек болған азамат жазаланбақ

Семейде қатаң режимдегі колония қызметкерлері «Тексеру» республикалық режимді-профилактикалық іс-шара өткізу барысында DA-DA шырын пакетінің ішіне аса шеберлікпен жасырылып тығылған Samsung ұялы телефоны мен оған арналған қуаттандырғыш құралдың мекеме аумағына кіріп кету жолын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Тыйым салынған затты Ерланов тегіндегі азамат (тегі өзгертілді) есірткі таратқаны үшін 4 жылдық жазасын өтеп жатқан сотталған досына туған күнінде қысқа мерзімді кездесуге алып келген.

Досына сыйлық жасамақ болған азаматты ендігі ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабы (Қылмыстық-атқару жүйесiнің мекемелерiнде, арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттар, бұйымдар мен нәрселер беру) бойынша әкімшілік жаза күтіп тұр.

Ағымды жылдың басынан Абай облысы ҚАЖ департаментіне қарасты мекемелерге жеткізу кезінде мекеме қызметкерлерімен барлығы 34 215 литр алкогольдік сусын, 2243,46 грамм есірткі заттары, 23 бірлік ұялы телефон тәркіленген.

– Сотталғандарға тыйым салынған заттарды жеткізудің негізгі арнасы кездесу бөлмелері мен сәлемдемелер. Колонияға келген әрбір азамат келу ережелерімен жазбаша түрде танысады және осы ережелерді сақтамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны туралы ескертіледі, бірақ көріп отырғанымыздай бұл оларды тоқтатпайды. Жазасын өтеп жатқан қылмыскер тыйым салынған зат дер кезінде тоқтатылмаса, темір тордың ар жағында отырып-ақ тағы да қылмыс жасауы мүмкін, – деді №19 мекеме бастығының орынбасары Нұржан Шидебаев

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру