Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордалық полицейлер бірнеше велосипед ұрлығын ашты

Биылғы жылдың басынан бері Астанада 140-тан астам велосипед ұрлығы тіркеліп, оның 62 ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Байқоңыр ауданының полиция қызметкерлері бір күнде бір үйден екі велосипед ұрлап кеткен 36 жастағы Астана тұрғынын анықтады. Ұсталған тұлға Ш.Уәлиханов көшесіндегі орналасқан үйдің 4-қабатынан құны 45 мың теңге тұратын баланың велосипедін жасырын алып шығып, оны базарда 6 мың теңгеге сатып жіберген. Құныққан күдікті әлгі жерге қайта оралып, көрші кіреберістен құны 75 мың теңге тұратын Полато маркалы 2-ші велосипедті ұрлап кеткен.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері бейнебақылау камералары арқылы ұрлық жасаған адамды анықтады. Екі велосипед тәркіленіп, иелеріне қайтарылды.

Сондай-ақ бұл қылмыстан бөлек Сарыарқа ауданының полицейлері құны 65 мың теңге тұратын Рейнджер велосипедінің ұрлығын ашты. Анықталғандай, жәбірленуші екі доңғалақты көлігін қауіпсіздік құлыпынсыз шамалы уақытқа қалдырып кетіп, қайта келген сәтте велосипедін орнынан таппаған

Жедел-іздестіру операциясының нәтижесінде, полицейлер ұрлық жасаған 31 және 34 жастағы Астана қаласының екі тұрғынын ұстады.

Ұрлық жасағандар қылмысын мойындады, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Елордада ұрлықтың алдын алу мақсатында велосипедтер мен оның иелерін тіркеуге кірісті. Велосипед иесі, тұрғылықты мекенжайы мен ұялы телефоны, сондай-ақ оның сериялық нөмірі мен сыртқы ерекшелік белгілері туралы мәліметтер енгізілетін арнайы деректер базасы әзірленді.

Полиция департаменті азаматтарға қырағы болуға және велосипедтерді қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Күдікті адамдарды байқасаңыз полицияға немесе «102» мобильді қосымшасы арқылы хабарлаңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру