Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысы ПД бастығы Шиеліге жұмыс сапарымен барды

Елдің барлық өңірінде “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы аясында халықпен кері байланыс орнатылуда. Халық пікірінің, өтінішінің елеусіз қалмайтынының дəлелі ретінде Қызылорда облысында көптеген жеке қабылдау, түрлі акциялар өткізіліп жатыр. Мәселен, Қызылорда облысы əкімінің бастамасымен құқық қорғау органдарының басшыларымен бірлесіп, тұрғындарды қабылдап, өтініштеріне құлақ асты. Сонау Арал ауданынан бастау алған бұл шара Шиелі ауданында жалғасын тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

“Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасының қағидаттарын іске асыру шеңберінде өткізіліп жатқан жеке қабылдауға Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Махсудхан Аблазимов да қатысты. Облыс əкімі бастаған жұмысшы топ аудан халқын Мəдениет үйінде қабылдады. Полиция департаменті бастығының қабылдауына Шиелі ауданының 3 тұрғыны алдын ала жазылды. Олар кадрлық сұрақтар жəне белгілі бір қылмыстық істің тергелу барысы бойынша сұрақтарымен жүгінді.

Өңірдің бас полицейі қабылдауға келген азаматтардың сауалдарын, толғандырған мәселелерін мұқият тыңдап, толыққанды жауап беріп, түйткілді мәселелерін жақын арада шешуге күш жұмсайтынын жеткізді. Сонымен қатар ол бүгінгі жұмыс сапары барысында Шиелі аудандық полиция бөлімінде болып, жұмыс барысымен танысты.

Полиция департаментінің бастығы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен жеке кездесіп, өзекті мәселелерін талқылады. Кездесудің мақсаты – полиция қызметкерлерінің жұмысын саралау. Аудандық полиция бөлімінің ғимаратында болып, нысанның материалдық-техникалық жарақтандырылуын тексерді. Департамент бастығы ауданның криминогендік жағдайын зерттеп, аудандық полиция бөлімінің бастығы Дәулет Беркімбаевтың жыл басынан атқарылған жұмыс, қылмыстың алдын алу, болдырмау бағытындағы шаралар бойынша есебін тыңдады.

Биыл Шиелі ауданында жалпы тіркелген қылмыстардың саны өткен жылмен салыстырғанда едəуір төмендеп, ашылу көрсеткіші жоғарылады. Жеке құраммен кездесу барысында департамент бастығы қызметкерлерге жұмысты тәртіппен жасап, өз қатарларында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу керектігін еске салды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы мен ішкі істер министрінің тапсырмаларын жеке құрамының назарына жеткізді. Аудандық полиция бөлімінің жеке құрамымен кездесу соңында облыстың бас полицейі қызметкерлерге қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы шараларды жүйелі атқаруды тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру