Жамбыл облысында болған жол-көлік оқиғасында 5 адам зардап шекті
Жамбыл облысы полиция департаментінің ресми сайтына және полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзиннің жеке блогына күн сайын түрлі мазмұндағы хабарламалар келіп түсіп жатыр. Олардың арасында көптеген алғыс хаттар, шағымхаттар, пікірлер бар, алайда бұл жолы ПД ішкі және сыртқы коммуникациялар бөліміне облыс тұрғынынан жол қозғалысына қатысушыларға, атап айтқанда жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын тұлғаларға қатысты хабарлама келіп түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ер адамның айтуынша, ол Қордай асуында балалардың қатысуымен болған апатқа куә болған.
Автордың көз алдында жолаушыларды тасымалдаған автокөлік жол бойында қатар жүріп келе жатқан көліктің артқы жағына соқтығысқан.
Ер адам еріксіз жол-көлік оқиғасының куәгері бола отырып, такси жүргізушілеріне қатысты қарапайым сұрақтар қояды.
– Адамдар не болып барады, көлік жүргізушілері ақша табу үшін өз жолаушыларының өмірін де бағаламайды! Не қылған асығыс тірліктер?! Сіздер соншалықты қайда асығасыздар? Өлімге? Жол қозғалысы ережелерін бұзбаңыздар, жолға шығар алдында жақсылап тынығып алыңыздар. Әрқайсыларыңызды туыстарыңыз мен жақындарыңыз үйде күтіп отыр. Адам өмірімен ойнауға болмайды, жол қателіктерді кешірмейтінін білесіздер, – дейді желідегі жазбаның авторы.
15 маусым күні сағат 00:30-да Батыс Еуропа – Батыс Қытай республикалық автожолының 224-шақырымында болған ЖКО-да түрлі дене жарақаттарын алған Toyota Previa автокөлігінің 5 жолаушысы Қордай орталық аудандық ауруханасының жансақтау бөлімшесіне жатқызылды.
Осы дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 345-бабының 2-бөлігі (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Қажетті сараптамалар тағайындалды.