Ақтөбеде балаларының «әзілі» үшін ата-анасы жауап береді
Ақтөбеде балаларының «әзілі» үшін ата-анасы жауап береді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
18 маусымда облыс әкімдігі жанындағы Ахуалдық орталықтың 109 телефонына қыз бала қоңырау шалып, оны белгісіз адамдар кепілге алғанын хабарлап, телефон тұтқасын қоя салған. Бұл ақпарат полиция қызметкерлеріне берілді.
Хабарлама авторын анықтауға бағытталған жедел іс-шаралар кешені өткізілді. Облыстық ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 9 және 11 жастағы екі қыздың қоңырау шалғанын анықтады. Олар Ахуалдық орталықтың телефонына қызықтап қоңырау шалғанын айтты.
Енді балалардың еркелігі үшін ата-аналарына ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша жауап беруге тура келеді. Онда 10 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.