Ақтөбе облысының полицейлері алматылық зейнеткерге немересін табуға көмектесті
Ақтөбе облысының полицейлері алматылық зейнеткерге жоғалтып алған немересін табуға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияның «102» пультіне 64 жастағы алматылық азамат хабарласып, жолда 15 жастағы немересін жоғалтып алғанын айтты. Оның айтуынша, ол көлігімен Сочи қаласынан жұбайы және немересімен бірге Алматыға келе жатқан. Жолда Ырғыз ауданының аумағындағы кемпингтердің біріне тоқтап, жұбайы екеуі 15 минутқа көліктен шыққан. Осы уақытта көліктің артқы орындығында ұйықтап келе жатқан кәмелетке толмаған немересі көліктен түсіп кеткен. Мұны байқамаған зейнеткерлер сапарын жалғастыра берген.
Қызылорда облысының шекарасына келгенде ғана олар немересінің жоқтығын байқап, полицияға хабарласқан. Ырғыз ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері іздестіру шараларын жүргізу барысында кәмелетке толмаған қыз баланы тауып, ата-әжесіне тапсырды.
Қыз бала көліктен түскенде ата-әжесінің кетіп қалғанын байқағаннан кейін, жолда жүк көлігін тоқтатып мініп, олардың қуып жетуге тырысқан.