Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көліктегі полиция департаментінде алдағы кезеңге арналған басым міндеттер айқындалды

Көліктегі полиция департаментінде кеңейтілген кеңес өтті. Онда 2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындылары талқыланып, негізгі міндеттер айқындалды, сондай-ақ әр бағыттағы жетістіктер атап өтіліп, олқылықтар мен кемшіліктер талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кеңеске департамент және аппарат қызметтерінің басшылығы, ҚР Бас көлік прокурорының орынбасары Руслан Исаев, сондай-ақ бейнеконференцбайланыс арқылы қосылған департаменттің аумақтық бөліністерінің басшылары қатысты. Өз сөзінде көліктегі ПД бастығы Бақытжан Малыбаев ІІМ-нің кеңейтілген алқа отырысы барысында ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ішкі істер органдарына жүктеген басым міндеттерін атап өтті. Сонымен қатар ол қызметкерлерге ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың жұмыстың тиімділігін одан әрі арттыру, профилактикалық жұмысты күшейту және қылмысқа қарсы күрестегі тәсілдерді жетілдіру, қызметкерлер тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтарды жою, халыққа барынша ашық болу жөніндегі тапсырмаларын жеткізді.

Бұдан соң, департаменттің жетекші қызметтерінің бастықтары жедел жағдайдың жай-күйі туралы баяндама жасады. Олардың айтуынша, қабылданған шаралар ағымдағы кезеңде еліміздің теміржол және әуе көлігі объектілерінде тұрақты жедел жағдайды қамтамасыз етуге мүмкіндік берген. Мәлімет бойынша, ағымдағы жылдың басынан бері барлығы 801 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Қылмыстардың ашылуы 63,9 пайызды құрады.

Департаменттің қызмет көрсету аумағында жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде қылмыстар саны 15,8%-ға, оның ішінде ауыр қылмыстар 41,1%-ға және аса ауыр қылмыстар 42,1%-ға төмендеді. Сондай-ақ бұзақылық қылмыстардың саны 55,6%-ға, бөтеннің мүлкін ұрлау 19,8%-ға, жүктерді ұрлау 14,3%-ға азайды. Бірқатар желілік бөлімшелер басшыларының есептері тыңдалып, қызметтегі кейбір түйткілді мәселелер қаралды.

Кеңес барысында кадр саясаты, әскери-қызметтік дайындық деңгейі, жеке құрам арасында тәртіп сақтауды қамтамасыз ету және әр полиция құрылымында сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларын күшейту мәселелері талқыланды. Отырыс соңында Б.Малыбаев аппарат қызметі мен желілік бөліністердің басшыларына қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмысқа қарсы күресу бойынша нақты тапсырмалар берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру